МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ЕҢБЕК ТӘРБИЕСІ

«Адамды - адам еткен еңбек». Жалпы адам баласы өмірге келген күннен бастап еңбекпен тығыз байланыста болады. Себебі, шыр етіп өмір есігін ашқан сәттен бастап ана сүтін емудің өзі еңбекке жатады. Адамдар еңбек ету арқылы көптеген жетістіктерге жетеді. Балаларды ерте жастан бастап шамасы келетін еңбектің ең қарапайым түрлеріне үйретудің қажет екенін талай көрнекті педагогтар атап көрсеткен. Еңбек барысында балалар жан – жақты дамиды.
Ақыл-ой жағынан алсақ, балалар еңбек ететін құралдардың қасиеттерімен танысады, әр түрлі аспаптармен жұмыс істеуге дағдылана бастайды, аспаптардың атауларын есте сақтап қалады, өсімдіктердің өсуі мен өзгеруін бақылайды. Балалардың әуесқойлығы, тануға құштарлығы дамиды.
Еңбек қызметінде эстетикалық тәрбие де жүзеге асырылады. Балалардың қандай істі болсын ұқыпты орындап, өзінің қолға алғанын әдемі жасау іскерлігі қалыптасады. Еңбек үстінде балалар белсенділік, тапқырлық, қайсарлық нәрсеге жетуге ынталық көрсетеді.
Адамгершілік тәрбиесін алсақ, мұнда олардың мінез-құлқында дербестік, жауапкершілік, өзін-өзі ұйымдастыру, мақсат қою, оны орындау қалыптасады.
Еңбек ете білетін балалар еңбек бейнетінің қадірін біледі, басқа адамдардың да еңбегін құрметтейді, көмекке зәру кісіні тез байқайды.
Дене жағынан да балалар жақсы дамиды. Өйткені олар таза ауада, участокта еңбек еткенде бұлшық еттері жақсы дамиды, денсаулықтары мықты болады, дене құрылысы жағынан да шынығады. Балалар күш салуға, қиыншылықтарды жеңуге қабілеттенеді.
Балалардың еңбек қызметіне жеткілікті басшылық болмаған жерде ол көпке дейін балаға жәй ғана қызық әрекеттердің дәрежесінде қалып қояды. Тәрбиешінің ықпалымен балаларда бірте-бірте алдына мақсат қою, өз қызметін алдын ала жоспарлау және ұйымдастыру, істі нәтиже алғанда жеткізу қабілеттері дами бастайды.
Мектепке дейінгі балалардың еңбегі ойынмен тығыз байланысты. Баланың ойынына аса мән беру керек.
Ұлы педагог Макаренко айтқандай: «бала ойын кезінде қандай болса, кейін есейгенде жұмыс орнында да сондай болады» . Сондықтан бала кезінде ойнаған кезде баланы қадағалап, ойынына мән беру керек
Әр түрлі жас топтарындағы балалар еңбегінің түрлері мен мазмұны:
Балалар еңбегінің негізгі төрт түрі бар:
1.Өзіне-өзі қызмет көрсету;
2.Шаруашылық – тұрмыстық еңбек;
3.Табиғаттағы еңбек;
4.Қол еңбегі.
Өзіне-өзі қызмет көрсету өзін күтуге бағытталған еңбек. Жуынуға, шешінуге, киінуге, төсегін жинауға, жұмыс орнын әзірлеуге және т.б. Еңбек қызметінің бұл түрінің тәрбиелік маңызы ең алдымен оның өмірлік қажеттілігінде. Әрекеттер күн сайын қайталанғандықтан балалар өзіне-өзі қызмет көрсету дағдысын мықтап игереді.
Сәбилік шақта тәрбиеші балалардың өзіне-өзі қызмет көрсетуін басқара отырып әрбір баламен жеке дара жұмыс жүргізеді, онымен алуан түрлі байланыс жасайды, көтеріңкі көңіл күйін қолдап отырады.Киімнің және оның түрлі бөлшектерінің, қажетті әрекеттердің аттарын атай отырып,балалардың сөздік қорын кеңейтеді. Мектепке дейінгі орта шақта балалар өзіне-өзі қызмет көрсетуде әжептәуір дербес болып қалады, еңбектің бұл түрі олардың тұрақты міндетіне айналады. Тәрбиеші балаларда өзара көмектесу тәсілдерін қалыптастырады, олар.а жолдастарынан қалай көмек сұрауды, қалай көмек көрсетуді, көмектескені үшін алғыс айтуды үйретеді. Мектепке дейінгі ересек шақта өзіне-өзі қызмет көрсетудің жаңа: төсегін жинау, шашын, аяқ киімін күту дағдылары игеріледі. Балалардың бойында мұнтаздық пен тазалық әдеттерін, құрбыларының арасында өзін дұрыс ұстау дағдысы қалыптасады.
Шаруашылық – тұрмыстық еңбек үйдің ішінде және учаскеде тазалық пен тәртіп сақтауға, ересектерге қолғабыс тигізуге бағытталған. Сәбилік топта тәрбиеші балаларда қарапайым шаруашылық – тұрмыстық дағдыларды: үстел жасауға көмектесу, ойнап болғаннан кейін ойыншықтарды жинап қою, учаскелдегі жапырақтарды жинау т.б. дағдыларды қалыптастырады.
Орта топтарда бұл еңбектің мазмұны едәуір ұлғаяды: балалар үстел үстіне ыдыстарды түгел өздері жайғастырады, бөлмені жинайды, текшелердің шаңын сүртеді.
Ересек топтарда тоңаздатқышпен өсімдіктерді бүркейді, щеткамен түкті жапырақтардың шаңын сүртеді, жерді қопсытады.
Табиғаттағы еңбек балалардың өсімдіктер мен жануарларды күтуге қатысуын, табиғат мүйісінде, бақшада, гүлзарда өсімдіктер өсіруін көздейді. Еңбектің бұл түрінің байқағыштықты дамытуға, тірі нәрсенің бәріне ұқыпты қарауға, туған елдің табиғатын сүюге тәрбиелеу үшін ерекше маңызы бар.
Қол еңбегі. Әр түрлі материалдардан: картоннан, қағаздан,ағаштан табиғи материалдарды пайдалана отырып заттар жасау. Бұл еңбек ересектер тобында жүзеге асырылады. Балалар өздеріне қажетті ойыншықтар, ойын атрибуттарын жасайды. Бұл еңбек түрі күннің екінші жартысында ұйымдастырылады. Керек кезінде туған туыстарға, достарға жақсы тарту үшін сыйлық жасайды. Қол еңбегі балалардың конструкциялық қабілетін, шығармашылық қиялын,ойлап шығару қабілетін дамытады.
Еңбекке тәрбиелеудің негізгі мақсаты – еңбексүйгіштікке тәрбиелей отырып, оның нәтижесіне қуана білуге, балалардың күшін толықтыруға және денсаулығының нығаюына жәрдемдесу, дене қозғалысының үйлесімді, сергек болуына ықпал ету.
Балалардың негізгі еңбек дағдыларын қалыптастыру:
- Үлкендерге және өзінен кішілерге көмек көрсете білу;
- Ұқыптылыққа,шыдамдылыққа, қиындықты жеңе білуге дағдыландыру;
- Еңбек құралдарымен жұмыс істей білуге және оған ұқыпты қарауға трбиелеу;
- Еңбек сабақтарында қағаз, мата, табиғат материалдарын, өндіріске қажетсіз заттарды пайдалана білу іскерлік - дағдыларын қалыптастыру.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. В.С. Мухина «Мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы». Алматы «Мектеп», 1986
2. Керімбек Ұ.Қ. «Баланы ойын өсіреді» Отбасы және балабақша; № 4, 2003 ж.
3. «Балабақша: тәрбиелеу және оқыту» журналы. 2016
Төлеутай Айжан Серікбайқызы Қарағанды қ. КММ «№33 мектеп – балабақша кешені»