Мұстафа Шоқай – түркі әлеміне әйгілі тұлға

Қазақ халқының өткен тарихына зер салсақ, оның бұрмаланбаған беттері кемде-кем. Сондықтан да болар, кей тарихи шындықты қиялдан ажыратып алу қиынға соғады. Кім батыр, кім сатқын? Кім халық үшін қам жеді, кім жеке басының пайдасын ойлады? Кім өз өмірін елі үшін қиды? Кім тарихи жолда шын қателесті, кім қасақана халқының қанын төкті? Иә, бұл сауалдарға жауап беру де оңай емес. Әділдігі сол, тарихта із қалдырған белгілі қайраткелердің қызметтерін, тіршіліктерін, іс-әрекеттерін олардың өмір сүрген уақытына, заманына, сол кездердегі тарихи кезеңдерге сай бағалау қажет. Уақытты өзгертуге қақымыз жоқ, оны таңдауға да болмайды. Тек әр адамның қилы-қилы кезеңде өз жолын таңдауға құқы бар. Орта Азия мен Қазақстан халқының тағдыры кімді ойландырмады? Түрлі-түрлі партия мен топтардың билік үшін күрескені де рас. Қалай болғанда да шындығы сол. Қазақстан КСРО-ның бір республикасы болып шыға келді. Жеңіске жеткендер биледі, ал жеңілгендер жаппай жазаланды, қуғын-сүргінге ұшырады. Мұстафа Шоқай солардың кебін киді, ерікіз туған жерін тастап,шет елге кетті. Бірақ ол әдепкі тандаған өмірлік жолынан бас тартқан жоқ. Шетелде өткен жиырма жылдан астам ғұмырында туған елінің азаттығы үшін күресті. Оның айғағы - Батыс елдерінде бастырып шығарған кітаптары мен журналдары, саяси-қоғамдық, публицистикалық мақалалары. Бұл еңбектерінде ол Кеңес үкіметінің Орта Азия мен Қазақстандағы отаршыл саясатын үздіксіз әшкерелеп, оған әділ бағасын беріп отырды. Мұстафа Шоқайдың өмірі Түркістан халықтарының кеңес билігіне қарсы жүргізген демократиялық тарихының маңызды бір бөлігі болып табылады. Халқының өз тағдырын өзі белгілеу құқығын иелену барысында саясаткер болу Шоқайдың тағдырына жастық шағынан бастап-ақ жазылған секілді. Студенттік жылдарының өзінде ол саясаттың бел ортасында жүрді. Петербург университетінің заң факультетінде оқып жүргенде Ресей мемлекеттік Думасының жұмысына қатысты. Мұсылман депутаттардың Түркістан мәселелерін Думаның күн тәртібіне енгізуінде маңызды рөл атқарды. Кеңестік идеялогияны әділетсіз түрде айыптап, тыйым салған қазақ зиялыларының барлығы 1989 ж ақталды. Олардың арасында Алашорда ұлттық қозғалысының жетекші қайраткерлері Ә.Бөкейханов, М.Дулат және А.Байтұсынов болды.
Қазақтың соңғы шыңдығы болып табылатын Шоқай тағдырының қилы беті өзге «ақтандақтар» ашылғаннан бір жыл өткеннен кейін ғана күн тәртібіне енгізілді. Оның «халық жауы» емес, нағыз халық қаhарманы екені айтылды. 1991 ж тәуелсіздігін жариялағаннан соң Қазақстанның тәуелсіздік символына айналды.
Мұстафа 1890 жылы 7 қаңтарда қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, «Бірінші мамыр» кеңшарында дүниеге келген. Мұстафа жастайынан өзін қоршаған дүние сырын меңгеруге деген құштарлығымен, естіген әңгімелерін есінде сақтау қабілетіменен ерекшеленген. Оқуға зерек жас алты жасында әкесінің інісі Әліш салдырған бастауыш білім беретін діни мектептің табалдырығын аттайды. Алты жасар Мұстафа төрт жылдық мектепті екі жылда үздік бітіріпті.
Ауылдағы бастауыш білім беретін діни мектепті үздік бітірген Мұстафаның оқуын одан әрі жалғастыруына Әліштің көп көмегі тиген. Мұстафаның болашағынан көп үміт күткен ол ел ақсақалдарының айтуымен інісін одан әрі оқытудың өзінің азаматтық әрі ағалық парызы санаған. Сол мақсаттың жетегімен жасы сегізге қараған шағында ауыл мектебін екі жылда тәмамдаған алғыр жасты Ташкент қаласындағы гимназияда оқытуды ойға алады. «Үмітсіз шайтан» демекші, алған бетінен, қайтпайтын қайсар Мұстафа оқуға алынбағанына мойымайды, қайта жігерін жани түседі. Ташкент қаласында қалып, орысша үйренгісі келетінін айтады. Заман ағымының бірте – бірте өзгеріп, билік басындағы орыс тілін білмейтіндердің ығыстырылып, орыс тілін біліетіндердің наны жүре бастағанын аңғарған Әліш «інім орыс тілін білсе, тілмаш болса да қалам ұшымен нанын тауып жер» деген оймен Ташкенде қалып, оқытушы жалдап, Мұстафаға бір қыс бойы орыс тілінен дәріс алғызады. Зерек жас бірнеше айда басқа тілді де бір кісідей үйреніп шығады. Гимназияда дәріс алып жүріп, шығыс тілдерін үйренуге, Шығыстың тарихы мен мәдениетін білуге құмартады. Түрік, парсы тілдерін жете меңгеруге шындап ден қоя бастайды. Мұстафа гимназияны үздік алтын медальмен бітіріп шығады.Оқуын одан әрі жалғастыруға бел буады. Мұстафаның одан әрі оқуына ат салысқан Әліш патша үкіметіне інісі арқылы қайта-қайта хат жаздырып, кедей шаруаның баласы ретінде оқуына арнайы қаржы бөлдіреді. Әліш ағасының да еңбегі қайтып, талапты жас Петербордағы императорлық университеттің заң факультетіне оқуға түседі.
Петерборда оқып жүрген кезінде қазақтың оқымысты азаматтарымен жақын араласады. Ұлт теңдігі мен тәуелсіздігі туралы мәселелер төңірегінде А.Байтұсынов, Ә. Бөкейхановпен пікірлес болды. Олар бірге бас қосқан жиындарда Ресей отарлығында тұншыққан түркі тектес мұсылман халықтарының болашағы, қандастарын отарлық езгіден алып шығу жолдары туралы мәселелерді жиі талқылайтын.
Мұстафаның студент шағындағы елеулі оқиғаларының бірі - оның 1914 жылдан бастап Мемлекеттік Думаның мүшесі Әлихан Бөкейханов басқарған Мұсылмандар фракциясында хатшылық қызмет атқаруы. Ел мүддесін ойлаған жалын жүректі жас саясаткер халқының басына қиын-қыстау күн туып, туған даласының аспаның қара бұлт торлағанда озбырлыққа қарсы күреске шықты. Ғасырлар бойы халқын жаншып, еңсесін көтертпей езіп келген отарлық бұғауды быт-шыт қып үзуге әрекеттенді.
Ресей тарихында 1917 жыл мемлекеттік төңкерістер жылы болып өтті. Ресейде қос үкімет: Уақытша өкімет және жұмысшы-солдат депутаттарының Кеңесі құрылды. Оның бірі буржуазиялық, екіншісі-жұмысшы табының мұңын мұңдап, жоғын жоқтады да, екі үкіметтің екеуі де мәселе түркі мұсылмандарына тәуелсіздік беруге келіп тірелгенде жұмған ауыздарын ашпастан қалды. Олардың жүргізген саясаты көңілінен шықпаған Мұстафа қос үкімет басшыларына ренжіп, олардан бір жолата түңілді. Олар мұсылмандар қауымына дербес автономия береді деген сенімін жойды. Төңкерістен кейін «Ресейдегі монархияны құлатсақ, барлық езілген ұлт автономиялық тәуелсіздік алады» деп көпірген орыс саясаткерлері өкімет билігін қолдарына тиісімен бұрынғы берген уәделерін «ұмытып кетті».
«Бірінші жалпы қазақ сиезі» Орынбор қаласында 1917 жылғы шілденің 21-26 күндері өткізілді. Онда қаралған он төрт мәселенің бірі - қазақтың саяси партиясын құру еді. Сиезде партияның атын «Алаш» деп атауға ұйғарым жасалды. Партияның бағдарламасын жасау және қазақ автономиясын құру мәселесіне даярлық жұмысының жоспары белгіленді. Екінші жалпы қазақ-қырғыз сиезі 1917 жылы желтоқсан айының 5-13 күндері Орынбор қаласында өткізілді. Оған Түркістан автономиясының министрі Мұстафа Шоқай да қатысып, Түркістан автономиясы туралы баяндама жасады. 1917 жылғы
27-қарашада Қоқан қаласында құрылған автономиялық үкіметтің басшылығына Мұхаммеджан Тынышбаев, мүшелігіне Мұстафа Шоқай сайланады. Алайда, Кеңес өкіметінің Қарулы Күштері қыспаққа алған Түркістан автономиясының өмірі ұзаққа бармады. Автономия 1918 жылғы қаңтар айының аяқ кезінде большевиктердің Қоқан қаласын алуына байланысты өмір сүруін тоқтатып, оның басшылары бас сауғалауға мәжбүр болады. Мұстафа амалсыз шетел асуға мәжбүр болды. Бірақ, ұлы мұраттар соңында кеткен арыс елінен жырақтаса да, өзінің қайраткерлігін тежеген жоқ, қайта сәл де болса еркін әрекеттер жасауға мүмкіндік алды. Бірақ, қолдаушысының да, қолының да қысқалығы ол армандаған биік Түркістанның еңсесін аласарта берді. Ағылышын, француз, неміс және түркі тектес халықтардың тілдерінде еркін сөйлеп, жаза алатын Мұстафаның беделі зор болды. Неміс барлау орталығының басшылары тұтқынға түскен Кеңес әскерлерінің арасындағы мұсылмандардан арнайы легион құруға Мұстафаны қолдануды көздеді. Ол нацистердің ұсынысына алдымен тұтқындар лагерін аралап, қандастарымен жүздескеннен кейін жауап беретінін айтты. Оның талабы қанағаттандырылды. Лагерьлерді аралағанда ол тұтқындардың жан төзгісіз ахуалын көрді. Оларды тозақ отынан аман алып қалудың бірден бір жолы уақытша болса да «Түркістан легионын» ұйымдастыру қажеттігін ойлады. Өзінің бұл шешімінің еш нәтиже бермесіне көзі жеткен ол дереу алғашқы ойнынан айныды. Елінің тәуелсіздігі мен теңдігі, бостандығы мен бақыты үшін бас тіккен, бүкіл ғұмыры айтыс-тартыспен өткен түрік мұсылмандарынан шыққан ірі тұлға- Мұстафа Шоқайұлы тумысынан аярлықтың арам жолынан түскен қара көкірек арсыз алаяқтың қолынан ажал тапты. Көк түріктің көсемі елу екі жасына қараған шағында қапыл болды. Бастаған ісін аяқтай алмай кеткен Мұстафадай данышпанның беймезгіл шақта дүниеден өтуі бүкіл түрік тектес мұсылман қауымын бір басқа төмендетіп кеткендей болды.
Мұстафа Шоқайдың бүкіл түркі халықтарының басын біріктіретін бір мемлекет құрғысы келді. Ол бейбіт саясатты қолдады. Бүкіл іс-әрекеті, өмір жолы оның бейбіт те азат азамат болғанын көрсетеді. Халқын да сондай кейіпте көргісі келді.
Каримбаева Б.Б. № 6 ЖББОМ тарих пәнінің мұғалімі Қарағанды қаласы