Алаштың азаматы

Сәкен Сейфуллин 1894 жылы бұрынғы Ақмола облысы Ақмола уезі, Нілді болысының Бірінші ауылында (қазіргі Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданы) туған. Сарыарқаның сағымды даласы, мөлдір сулары, толқыған Нұра, Есіл өзендерінің бойы, алыстан көз тартқан Аба, Ор тауларының бауыры – болашақ ақынның балалық шағы өткен, жаз жайлау рахатын көріп, алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнаған, қыстың боранды ұзақ түндерінде қиял-ғажайып, ерлік оқиғаларға толы батырлар жырын естіп, мың түрлі сырмен адам жүрегін елжіретер ән мен күй тыңдаған, айт пен тойдың қызығын көріп, айтыс пен бәйгені қызықтаған алтын бесік, ыстық ұясы. XX ғасырдағы қазақ поэзиясын жаңа түр, тың мазмұнмен байытқан ақиық ақын, ірі мемлекет қайраткері, жазушы, драматург, әдебиет зерттеушісі, республика каламгерлерінің бетке ұстар беделді серкесі, осыларға сал-серілігі мен сирек ұшырасатын сымбаттылығы қосылып, көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған Сәкен Сейфуллин — қоғамдык ой-пікір, әдеби-мәдени тарихымызда ерекше орын алатын жарқын тұлға. Сәкен Сейфуллин кейін өзі сұлу табиғатын талай рет тебірене жырлаған өлкеде — Ақмола уезі, Нілді болысының Бірінші ауылында (қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы) орташа ауқатты кісінің отбасында дүниеге келеді. Табиғаттың дарынды жаратылған мөлдір қара көз, толқынды шашты, қыр мұрынды, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Сәдуақас деген есімінің орнына, еркелетіп Сәкен атап кеткен.Әкесі Сейфолла серілігі бар домбырашы, саятшы, сөзге шешен кісі екен де, шешесі Жамал әңгіме, аңыз-ертегіні көп білетін әрі ебіне келтіріп айтатын салиқалы ана болыпты. Сәкен әке мінезін, өнерін бойға жұқтырып, ана әңгімелерін жалықпай тыңдап, зердесіне түйіп өседі. Айналасына абайшыл, қылтың-сылтыңы жоқ біртоға бала болады, Ұғымтал Сәкен ауыл молдасынан оңай хат танып, қолына түскен ескілі-жаңалы кітаптарды бас алмай оқиды. Әкесі тоғыз жасар Сәкенді тіл үйренсін деп Нілдідегі таныс орысының үйіне тұрғызады. Сәкен әлгі үйдің таусылмайтын қара жұмысын тиянақты атқара жүріп, кемпірінен бір жыл орыс тілін үйренеді. Одан кейін екі жыл зауыт мектебінде оқиды. Болашақ күрескер ақын кенішті қаладағы зауыт, шахта жұмысшыларының аянышты өмірімен танысып, ереуілдерін көріп, соларға бүйрегі бұрады. Одан кейін бес жылдай Ақмолада оқьш, 1913 жылы Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияға түседі, оны 1916 жылы бітіріп шығады. Ол осы жылдары орыс және Еуропа әдебиетін ден қоя оқиды. Абайды сан қайталап, ауыз әдебиеті мен фольклордан мол хабардар болады. Сөйте жүріп, өлең жазуды машық қылады.
Оқу бітірген соң, елге келіп, ауылда мұғалім болады. Көп ұзамай, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете түскенде, ақын халық жағына шығады. Оған іле-шала патшаны тақтан түсірген ақпан революциясын ақын қуана қарсы алады, қазақ елі бостандық алып, бодандықтан құтылады деп сенеді. Ол дереу Ақмолаға келіп, жаңа заман жолындағы күреске бел шешіп араласады. Өршіл ақын, екі тілге бірдей жүйрік жалынды насихатшы, алғыр да жігерлі, оның үстіне тұр-тұрпаты да айта қаларлықтай келісті бұл жігіт тез көзге түсіп, көрнекті тұлғаға айналады. Коммунистік партияның бастауымен халық бостандық ал кедей-кепшік қалың бұқара теңдікке жетеді, әділдік орнайды деп сенген Сәкен бірден социализмді, кеңес өкіметін жақтап шығады. Ақмолада кеңес өкіметі уақытша құлап, қамауға алынған Сәкен атаман Анненковтің "азап вагонында" көрмегенді көріп, 9 ай дегенде әрең қашып шығады. Көктемгі лайсаңда аш-арық, ауру ақын 500 шақырым жерді жаяу өтіп, еліне келеді, онда тұрақтай алмай, ол кезде кеңес өкіметі орын тепкен Жетісуға келіп, партия, кеңес органдарының жұмысына көмектеседі. Тар жол, тайғақ кешу, тайталас күресте шынығып, кемелденген азамат ақын 20-жылдардың 1 -жартысында ірі мемлекет қайраткері, үлкен саясаткер ретінде көрінді. 28 жасында Қазақстан үкіметінің басшысы, Бүкілодақтық Атқару Комитетінің мүшесі болды. Сонымен қатар өршіл ақын жаңа дәуірді жаңаша жырлаған, қазақ әдебиетіне бұрын болмаған образдар мен түрлер, сөз оралымдарын әкелген шығармашылығымен жаңа бағыттағы әдебиетке көшбасшы болды. Кілең мақтауға ұрынбай, қоғамдық өмірдің көлеңке жақтарын да күйзеле суреттеді. Қазан төңкерісі тұсындағы аумалы-төкпелі кезең шежіресі іспеттес өмірбаяндық "Тар жол, тайғақ кешу" романы оның прозалық кесек туындысы болып табылады. Өмірінің соңғы он шақты жылында ғылыми-зерттеу, оқытушылық жұмыстарымен айналысты, Қазақстан Жазушылар одағында, газет-журнал редакцияларында алқа мүшесі болды. Сәкен қарбалас, аласапыран күндері тынышталып, бейбіт өмір арнасына түскен уақытта негізгі өмірлік мұраты қаламгерлік екенін әбден ұғынады. Барлық қайрат – күшті талант-дарын, жігерді көркем сөзбен туған халқына қызмет етуге жұмсайды. Оның қаламынан туған «Асау тұлпар» (1922), «Домбыра» (1924), «Экспресс»(1926), «Тұрмыс толқындары» (1928), «Көкшетау» (1929), «Альбатрос» ()1933 , «Қызыл ат» (1933), «Социалистан» (1927), «Жер қазғандар» (1917), «Қызыл сұңқарлар» (1920), драмалары туды. «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931), «Батырлар» (1933), «Қазақ әдебиеті» (1932) зерттеу еңбектері – қазақ фольклоры мен әдебиетінің көп материалдарын жүйелеп, озық әдебиеттану принциптері негізінде жазылған, танымдық – тәрбиелік мәні жоғары туындылар. Сазгер ретінде Сәкен Сейфуллин қазақтың жаңа музыкасының дамуына өзінің тамаша әндерімен үлес қосты.1936 жылы қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Сәкен Сейфуллиннің әдеби қызметінің 20 жылдығы тойланып, әлеуметтік ерекше қызметі ескеріліп, оған Еңбек Қызыл Ту ордені берілді. Сталиннің жеке басына табыну кеселінен жазықсыз жалаға – репрессияға ұшыраған Сәкен Сейфуллин 1938 жылы 26 ақпанда мерт болды. Әкесі Сейфоллада репрессияға ұшырады.Сәкеннің есімі тек, 1957ж ғана толығымен ақталды.
Аманжанова С.Б. №6 ЖББОМ тарих пәнінің мұғалімі Қарағанды қаласы